Қыркүйек айынан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылауға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді, деп хабарлайды LS.
Мәжіліс кулуарында қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жаңа норма қашан күшіне енетінін айтты.
"Қазіргі таңда қолданыстағы талаптарға сәйкес мобильді аударымдар туралы мәліметтер алынып жатыр. Енді жаңа талап енгізілген бұйрық дайын тұр – оған сәйкес, соңғы үш айдағы аударым көлемі 1 млн теңгеден асқан жағдайда ғана тексеру жүргізіледі. Бұл құжат Салық кодексінің қабылдануына байланысты күшіне енеді. Бүгін Кодекс мақұлданды, енді бұйрық 60 күн ішінде күшіне еніп, қыркүйекте қолданысқа енгізіледі", – деді ол.
Сондай-ақ, ол туыстар арасында жасалатын аударымдар жөніндегі сұраққа тағы да түсініктеме берді.
"Мысалы, анасы қызына, әкесіне немесе бауырына ақша жіберсе – бұл үшін ешқандай сұрақ туындамайды, тіпті сома 1-2 млн теңге болса да. Тексеру жүргізілуі үшін барлық шарт қатар орындалуы тиіс: үш ай қатарынан 100 түрлі адамнан аударым түсуі қажет. Ал егер бірнеше адам бір-біріне үнемі ақша аударып отырса, бұл бақылауға жатпайды. Ай сайын ақша жіберетін 100 туысыңыз жоқ шығар", – деп түйіндеді ол.
Бұған дейін, Қазақстанда мобильді аударымдарға 1 млн теңгеден асатын шектеу енгізу жоспарланғаны хабарланған болатын.